Түркістанда «Ол жас-Он молодой» кітабының тұсаукесері өткізілді

conference

 

Белгілі журналист, «Тұран Түркістан» телкомпаниясының редакторы Ескендір Ертай Түркістандағы Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде биылғы жылы 85 жасқа толып отырған қазақ жұртын әлемге танытқан ғаламдық тұлға Олжас Сүлейменовтің соңғы жылдары республикалық «Экспресс-К» газетінде жарық көрген сұхбаттары негізіндегі қазақ-орыс тілдеріндегі белгiлi журналист Тiлеужан Есiлбаевтың «Ол жас - Он молодой» кітабының тұсаукесер рәсімін өткізіп, университеттің 30 жылдық мерекесіне орай орталық кітапханасына осы кітаптың он данасын табыс етті.

Мерекелік шараға арнайы келген халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай газеттің 25 жылдан бергі үздік жинағын кітапханаға табыстап, түркі дүниесіне ортақ құндылықтарды жарқырата көрсетуге әзір екендігін жеткізді.

Тұсаукесер рәсімін Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Бекжігіт Сердалы жүргізіп отырды. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Бүлент Байрам, университеттің профессоры Сейдуали Садықов, республикалық «Айқын» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Телман Бейсенов болашақ оқырмандар қатарының көбеюіне күш салу қажеттігіне тоқталды.